ШҚО-да ата-анасымен ұрысып қалған жасөспірім қыз Павлодарға кетіп қалған
Кәмелетке толмаған қыз бұған дейін де бірнеше рет үйден кеткен, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қаңғыбас» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары жертөлелерді, шатырларды, кәріз люктерін, қараусыз қалған ғимараттарды, шаруа қожалықтарын, орман екпелерін тексерді. Нәтижесінде екі қылмыскер мен хабар-ошарсыз кеткен төрт адамның орналасқан жері анықталды. Оның ішінде есірткі құқық бұзушылыққа күдікті 26 жастағы қылмыскер табылған. Қазіргі уақытта қамауға алынған.
– Павлодарлық жедел уәкілдер 2006 жылы туған кәмелетке толмаған баланың ата-анасымен ұрысып, үйден кеткен жерін анықтады. Жасөспірім Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы ауылдардың бірінде тұрады. Ал Павлодар қаласына жолаушылап келген. Кәмелетке толмаған бала үйден бірнеше рет кетіп қалған. Қазіргі уақытта өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды қолдаудың өңірлік орталығына орналастырылды. Іздестіру бастамашысына хабарланды, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Сондай-ақ полицейлер белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтады, олардың 14-і қабылдау-орналастыру орнына орналастырылды.
Полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шара аясында жеткізілген адамдарды есепке қояды. Егер жеткізу кезінде кейбіреулерінің жеке басын куәландыратын құжаттары, тұрғылықты жері мен туыстары бар екені анықталса, онда олармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Содан кейін олар тұрғылықты жеріне жеткізіліп, туыстарына тапсырылады.