Өнер додасы: Павлодар облысының аудандары мен қалалары жарыспақ
Бұл дода облыстың барлық қала, ауандарын қамтуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығының 20 жылдық мерейтойына орай жаңа жоба бастау алды. «Өнер додасы» – қазақтың ұлттық өнерін серік еткен, өресі биік, өрісі кең өнерпаздар бәсекесі. Дүбірлі дода облыстағы барша өнерлі ұжымдардың арасында ұйымдастырылмақ.
– Облыстың қала, аудан өнерпаздары өзара бақ таластыратын болады. Байқауда олар жыр, терме, айтыс, күй, ән, би сайыстары бойынша сынасады. Алдағы уақытта әділ бағасын беріп, төрелік ететін қазылар алқасы анықталады. Айта кетерлігі, байқауда тек жалғыз жеңімпаз ғана болады, – дейді орталықта.
Бүгінде облыс өнерпаздары өзара жеребе тартылып, бір-бірінің жұптарын анықтады. Дүбірлі доданың шымылдығын Ақсу және Екібастұз қалалары ашпақ.
Аталмыш байқаудың бірінші кезеңі 17-20 қазан аралығында өтеді.
Жеребе тартудың нәтижесі бойынша:
1 жұп: Ақсу – Екібастұз
2 жұп: Павлодар қаласының 1 құрамасы - Ақтоғай құрамасы
3 жұп: Павлодар қаласының 2 құрамасы - Аққулы құрамасы
4 жұп: Баянауыл – Ертіс аудандары
5 жұп: Железин – Май аудандары
6 жұп: Павлодар – Тереңкөл аудандары
7 жұп: Успен – Шарбақты аудандары
Байқау үш кезеңнен тұрады. Ақтық кезең 13 қараша күніне жоспарланып отыр. Байқаудың жеңімпазы ақшалай сыйлықтармен марапатталады.