«Әлемде жоқ ән салдырған»: Екібастұзда ұлы қаламгердің шығармашылығы еске алынды
Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай ән шырқалып, опера айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Естай атындағы балалар музыка мектебінде ақын, Қазақстанның халық жазушысы, бала жанының бағбаны бола білген Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған «Әлемде жоқ ән салдырған» атты әдеби-сазды кеш өтті. Мәдени іс-шара Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен және «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен өткізілген болатын.
Әдеби кешке Екібастұз қаласының аға буын өкілдері, құрметті азаматтары, ақын-жазушылар, студенттер, ұстаздар мен мектеп оқушылары жиналып, басын қосты.
Әртістердің арасында Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұржан Сарқамбаев М.Әлімбаевтың әні мен сөзіне жазылған «Сүйген болсаң, сағынарсың» әнін шырқады. Ал жергілікті әншілер– Жомарт Қабыкенов көпке танымал «Маралдым» әнін орындап, Сұңғат Көпежанов Е. Беркімбайұлының «Қорлан» әнін айтып көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ал «Жай қоңыр» ансамблінің сүйемелдеуімен Лейла Сейсенбаева талай әншілердің бағын ашып, елге танытқан «Ақ маңдайлым» әнін опера жанрында орындап көрерменнің көзайымына айналды.
С.Торайғыров атындағы № 22 мектеп-гимназиясының оқушылары мен № 4 ЖОББМ ұстаздары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Кеш жүргізушілері ақын Еламан Қабыләшім мен Самал Сәрсенбекова жиналған жұртқа ақынның әдебиеттің қай саласында болсын өнімді еңбек етіп, ерлік үлгісін көрсете білгенін, қаламгердің жан жақты, сан қырлы шығармашылығын кеңінен насихаттап, ақын туралы естеліктерді ұсынған болатын.