Қаржы пирамидаларынан зардап шеккен павлодарлықтар саны екі есеге артқан
Жыл басынан бері экономикалық тергеп-тексеру департаменті өндірісінде 49 қылмыстық іс болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында соңғы үш жылда қаржы пирамидаларына алданған салымшылар саны шамамен екі есеге өсті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов мәлімдеді.
Оның айтуынша, департамент биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік қаражатты қорғауға және экономикалық саладағы заңдылықты сақтауға бағытталған жұмыстарды күшейткен. Басым бағыттардың қатарында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, қаржы пирамидаларының қызметін әшкерелеу, вейптердің заңсыз айналымын тоқтату, экономикалық қылмыстар мен бюджет қаражатын жымқыру схемаларын анықтау бар.
- Жыл басынан бері департамент өндірісінде 49 қылмыстық іс болған. Оның 37-сі биыл тіркелген. Сотқа 36 қылмыстық іс жолданса, оның 19-ы ауыр қылмыстар санатына жатады, - дейді спикер.
Ғалиасқар Қасымовтың сөзінше, қаржы пирамидаларын тергеу барысында күдіктілердің салымшылардың қаражатына сатып алған мүлкі анықталған. Тергеу кезінде жылжымайтын мүлік, автокөліктер және тінту барысында шамамен 300 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақша тәркіленген. Сот үкіміне сәйкес бұл мүлік мемлекет кірісіне емес, зардап шеккен азаматтарға өтемақы ретінде қайтарылады.
Сонымен бірге ол қаржы пирамидаларынан келтірілген шығынның толық өтелуі әлі де күрделі мәселе екенін атап өтті. Орта есеппен салымшылар жоғалтқан қаражаттың небәрі 10–20 пайызы ғана қайтарылады.
Спикердің айтуынша, соңғы үш жылда өңірде қаржы пирамидаларынан зардап шеккендердің саны айтарлықтай көбейген.
- Павлодар облысы мегаполис емес. Соған қарамастан, соңғы үш жылда алданған салымшылар саны шамамен екі есеге өсті деп сенімді айта аламын, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Мысал ретінде ол 2023 жылы қозғалып, 2024 жылы сотқа жолданған «HAS» қаржы пирамидасының ісін келтірді. Осы іс бойынша 360-қа жуық адам ресми түрде жәбірленуші деп танылған. Ал іс материалдарында жалпы саны 5 100-ге жуық келісімшарт тіркелген.
Қасымовтың айтуынша, барлық салымшы бірден құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Алғашқы сот үкімі шығып, жәбірленушілерге өтемақы төлене бастағаннан кейін ғана бұрын арыз жазбаған азаматтардан жаңа өтініштер түсе бастаған. Бұл қаржы пирамидаларының құрбандары ресми статистикадан да көп болуы мүмкін екенін көрсетеді.