Павлодарда қысқа мерзімді кәсіптік оқыту еңбекке жол ашуда
Биыл 100-ге жуық азаматты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде жұмыссыз азаматтарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар іске асыруылуда. Соның бірі — қысқа мерзімді оқыту. Жыл басынан бері Павлодар қаласында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы аясында жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға даярлау жұмыстары жалғасуда.
Мансап орталығының оқу бөлімінің басшысы Динара Сайдуованың айтуынша, биыл жоспар бойынша барлығы 91 адамды оқыту көзделген.
Жоспарға сәйкес, 76 азамат оқу ұйымдарында білім алса, 15 адам жұмыс берушілердің өтінімі негізінде тікелей жұмыс орындарында оқытылуы тиіс.
— Қазіргі таңда оқу ұйымдарында 42 азамат білім алып, жұмыс орнында оқыту бағыты бойынша 11 азамат қамтылды. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша тағы 13 азаматтың құжаттары рәсімделу үстінде, - деді бөлім басшысы.
Динара Сайдуова бағдарламаның алғашқы нәтижелері оң көрсеткішке ие екенін атап өтті. Оқу ұйымдарында білім алған азаматтардың 11-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Яғни, «Aiza KZ» ЖШС-не 4 адам, «Дэко» ЖШС-не 7 адам жұмысқа қабылданды.
Ал жұмыс орнында оқыту бағыты бойынша білім алып жатқан 11 азаматтың төртеуі еңбекпен қамтылса, оның ішінде жеке кәсіпкер Қасымоваға – 3 адам, «Акниет ПВ» ЖШС-не 1 адам жұмысқа орналастырылған.
— Айта кету керек, ағымдағы жылы жұмыс берушінің өтінімі негізінде «Aiza» ЖШС базасында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту ұйымдастырылды. Мансап орталығының жолдамасымен жұмыссыз азаматтар оқу курсынан өтіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби білім алды. Бағдарламаны сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификаттар табысталып, олардың барлығы тұрақты жұмыс орындарына орналасты, - дейді маман.
Бүгінде жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша «тігінші» және «пішуші» мамандықтарына қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қабылдау жалғасуда.
Бағдарламаға жұмыссыз және жұмыс іздеуші азаматтар қатыса алады. Ол үшін үміткердің жұмыссыз мәртебесі болуы қажет. Студенттер, зейнеткерлер және электрондық еңбек шарты бар азаматтар бағдарламаға қатыса алмайды.
Оқуға қатысу үшін жеке куәлік, 075 нысаны бойынша медициналық анықтама, 20 таңбалы банк шоты және электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болса жеткілікті.
Сондай-ақ үміткер мамандықты өзі таңдап, Мансап орталығынан жолдама алып, жұмыс берушімен сұхбаттасудан өтуі тиіс. Барлық кезеңдерден сәтті өткен азамат оқуға қабылданады.
Мамандардың айтуынша, жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту және кейін тұрақты жұмыспен қамту – еңбек нарығындағы негізгі бағыттардың бірі.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қатысуға ниетті азаматтар Павлодар қаласы, Бектұров көшесі, 115В мекенжайында орналасқан Мансап орталығына жүгіне алады.