Павлодар мұнай-химия зауытында инфрақұрылым жаңғыртылуда

Павлодар мұнай-химия зауытында инфрақұрылым жаңғыртылуда
Фото: ҚР Энергетика министрлігінен

Энергетика вице-министрі зауыттың жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылғы 26 шілдеде ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Павлодар облысына жұмыс сапарымен келіп, Павлодар мұнай-химия зауыты базасында жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Сонымен қатар, зауыттың қазіргі қызметі мен инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жоспарлармен танысты.

Сапар барысында вице-министр кәсіпорынның мұнайды бастапқы өңдеу, каталитикалық крекинг және гидротазалау қондырғылары секілді негізгі технологиялық нысандарын аралап көрді. Сондай-ақ өндіріс процесін басқарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған оператор бөлмесінің жұмысын бағалады.

Одан бөлек ПМХЗ-дан сұйытылған мұнай газын шикізат ретінде пайдаланатын «Нефтехим LTD» кәсіпорнына да барды. Зауыт басшылығы полипропилен түйіршіктері мен метил-трет-бутил эфирі қоспаларын өндіру технологиясын таныстырып, өндірісті кеңейтуге бағытталған болашақ жоспарларымен бөлісті.

Іссапар қорытындысында вице-министр мұнай-химия кешендерінің тиімділігін арттыру және көмірсутек шикізатын терең өңдеу – еліміздің стратегиялық міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен бірге, мұнай өңдеу зауыттары мен химиялық өндірістер арасындағы кооперацияны күшейтудің маңыздылығына назар аударды.