Асайын Байханов жұмысын тиісінше орындамаған екі шенеунікке сөгіс жариялады
Облыс әкімі өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы жергілікті мемлекеттік органдардың жауапты басшылары алдында басты міндеттерді атап өтті: жеке инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді шешу.
Өңірде 10 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 2,3 триллион теңгеден астам 116 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биыл импортты алмастыратын жаңа өнім түрлерін игеруге бағытталған 38 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бүгінде штаб 60 бастаманың іске асырылу барысын қарастырды, оның ішінде 40 жоба АӨК-ге, ал 20-сы - индустриялық-инновациялық даму саласына тиесілі. Облыс әкімі олардың орындалу мерзімін қысқартуды және ауыл шаруашылығы бойынша жобаларды сұрыптауды тапсырды.
– Әрбір басымдық берілген жоба бойынша инвесторлардың нақты міндеттерін шешу қажет. Барлық деңгейде олармен жұмыс бір жолға қойылу қажет және әр жоба толықтай сүйемелденуі тиіс, – деп талап етті облыс әкімі.
Облыс әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына нәтижелер үшін жекелей жауапты болатынын ескертті.
– Мен апта сайын жергілікті жердегі жағдайды қадағалап отырамын. Мемлекеттік органдардың біліксіз басшыларын лауазымдарынан босатуға дейін кадрлық шешімдер қабылданатын болады, – деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов Ақсудағы инвестициялық жобалар бойынша ағымдағы жағдайдан хабарсыз болғаны үшін қала әкімінің орынбасары Ренат Тлявкаевқа және АӨК саласындағы инвестициялық жобалардағы бақылаудың жоқтығы үшін ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Төлеген Көшербаевқа сөгіс жариялады.