Тереңкөл ауданында инвестиция көлемі артты
Ауданда ауыл шаруашылығы экономикадағы басым бағыттардың бірі болып қала беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімі Азамат Маңғұтов мәлімдеді.
– Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша саланың жалпы өнім көлемі 30,3 миллиард теңгеге жетті. Оның 9,6 миллиард теңгесі мал шаруашылығына, ал 20,7 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 21,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 141,9 пайызға артқан. Инвестициялардың 94,8 пайызы жеке салымдар есебінен жүзеге асырылған.
Бұдан бөлек, ауданда жол инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы 133 миллион 477 мың теңгеге «Тереңкөл ауданының Калиновка ауылына кіреберіс» аудандық маңызы бар автожолдың үш шақырымына орташа жөндеу жүргізілген.
Сонымен қатар, Песчаное ауылында жалпы ұзындығы 2,05 шақырымды құрайтын кентішілік жолдар 91 миллион 236 мың теңгеге жөнделген.
Аудан басшысы «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан бойынша жалпы ұзындығы 7,1 шақырым кентішілік жол орташа жөндеуден өткенін атап өтті. Оның ішінде Песчаное ауылындағы Ф. Какабаев, Абай, Шоссейная, Котельная және Асаев көшелері 203 миллион 103 мың теңгеге, ал Ивановка ауылындағы 5 көше 131 миллион 362 мың теңгеге жаңғыртылды.