Қазақстанда мемлекеттік қызметтерге өтініштер «е-Өтініш» арқылы қаралмайды

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерге өтініштер «е-Өтініш» арқылы қаралмайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Электрондық мемлекеттік қызметтерді басқа арнайы сервистер арқылы алу қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша «е-Өтініш» платформасын пайдалануға қатысты түсініктеме берді.

ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 69-бабының 3-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша келіп түскен өтініштер «Электрондық өтініштер» ақпараттық-талдау жүйесінде есепке алынбайды.

– «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» ҚР Заңының 4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген өтініштерді қоспағанда, «е-Өтініш» платформасы арқылы берілген мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өтініштер есепке алынбайды және қаралмайды, – делінген хабарламада.

Мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде eGov.kz «Электрондық үкімет» порталындағы «Мемлекеттік қызметтер» сервисі арқылы алуға болады.

Салық және кеден саласындағы қызметтер үшін мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері, оның ішінде Салық төлеуші кабинеті, кедендік және басқа да арнайы сервистер қолданылады.