Алматыдан Ресейге дейін заманауи пойыздар қатынайды

Бір бағытта 400-ден астам жолаушы тасымалданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жылжымалы құрам паркі 30 жаңа жолаушылар вагонымен толықты. Олар Петропавл қаласындағы отандық зауытта өндірілген және бүгінде №7/8 «Алматы-2 – Саратов» бағыты бойынша жолға шықты. Бұл жаңарту жолаушыларға заманауи әрі жайлы вагондармен жол жүруге мүмкіндік береді.
Жаңа құрамда әр пойызда 10 вагон бар, оның ішінде 5 купелік және 5 плацкарт вагон. Бір бағытта 400-ден астам жолаушы тасымалданады. Пойыз жұп күндері қатынайды: Алматы станциясынан сағат 20:00-де шығып, Саратов қаласына бір күннен кейін (Ресей уақытымен), сағат 10:10-да жетеді. Кері бағытта Саратовтан сағат 14:55-те шығып, бір күннен кейін Алматыға (Қазақстан уақытымен) сағат 06:54-те келеді.
Жаңа вагондар халықаралық стандарттарға сай жобаланған. Әр купеде эргономикалық ұйықтайтын орындар, жеке жарық шамдары, бас тірегіштер, гаджеттерін қуаттауға арналған USB порттары және электр розеткалары бар.
Ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін арнайы бейімделген купелер мен арбаларға арналған орындар қарастырылған. Сондай-ақ, жолсеріктерді шақыру батырмалары орнатылған. Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.