Ақсу назарда: Мәжіліс депутаттары әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізді

Олар фельдшерлік пункт, элеватор, мәдениет үйі және жылу қазандығының құрылысын бақылап, өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсуға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантай бастаған делегация келді. Нысандарды аралауға «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айгүл Мұхамедиярова, облыстық мәслихат депутаттары Асылбек Туғанбай мен Александр Толмачев те қатысты.
Сапар барысы жақында болған дауылдан зардап шеккен нысандағы қалпына келтіру жұмыстарының жай-күйімен танысудан басталды. Депутаттар келтірілген залалды бағалап, апат салдарын жою қарқынын талқылады.
Басты назардағы жобалардың бірі – Үштерек ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункт. 2024 жылы бұл жобаға Үкімет резервінен 132 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, 133,9 миллион теңге игерілген. 2025 жылға республикалық деңгейде қосымша қаржыландыру қаралмағанымен, қажет сома – 38,3 миллион теңге – жергілікті бюджеттен бөлініп, құрылыс аяқталуға жақын.
Келесі нысан – Қалқаман ауылындағы «Ертіс Агро» ӘКК-на қарасты элеватор. Мұнда 15 мың тонна астық, оның ішінде 14 850 тонна бидай сақталып тұр. Кәсіпорын жылына 33 мың тонна шикізат өңдейтін май экстракциялау зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 2,9 миллиард теңге. 45 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Негізгі өткізу нарықтары – ішкі нарық, Қытай және ТМД елдері.
Сапар аясында делегация Алғабас ауылында салынып жатқан Мәдениет үйінің құрылысымен де танысты. Бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени өмірінің орталығына айналмақ.
Сонымен қатар, депутаттар Ақсу қаласындағы орталық жылу қазандығының құрылыс алаңына барды. Мұнда да жобаны жүзеге асыру кезеңі мен проблемалық мәселелер қаралды.