Шарбақты ауданында жаңа өрт сөндіру бекеті бой көтерді
Нысан ТЖМ Шыңғыс Ариновтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл құтқарушылары» жобасының аясында ашылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орловка ауылындағы жаңа бекеттің ашылу салтанатына облыс әкімдігінің өкілдері, ТЖД басшылығы және осы игі іске үлкен қолдау көрсеткен «Победа» ЖШС жетекшілігі қатысты.

– Жобаның басты мақсаты – алыс елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін нығайтып, тілсіз жаумен күресте шұғыл қимылдайтын кәсіби және ерікті құрылымдардың басын біріктіру, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Материалдық-техникалық базаны жарақтандыруға жергілікті билік пен кәсіпкерлер бірлесе күш салған. Нәтижесінде бекет заманауи байланыс құралдарымен, арнайы жауынгерлік киімдермен және «Газель Валдай» мамандандырылған өрт сөндіру көлігімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, «Победа» шаруашылығы жоғары өтімді ЗИЛ-131 техникасын, соқасы бар тракторды бөліп, техника тұратын жылы бокс пен қызметкерлердің тынығуына арналған жайлы бөлме дайындап берді.


– Бұл пункт тек Орловканың ғана емес, көршілес Красиловка ауылының да қауіпсіздігіне жауап береді. Осылайша, 1400-ге жуық тұрғынның өмірі мен мүлкі сенімді қорғауға алынды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жауды алғашқы сатысында ауыздықтауға мүмкіндік алады, – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда өңір бойынша осындай 78 өртке қарсы пункт жұмыс істеп тұр