Ақсуда мұз сарайының құрылысы қашан аяқталады
Спорт басқармасының өкілі облыста бірнеше мұз сарайын салу не үшін керек екенін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баспасөз жиынында Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев 2022 жылы ашылуы тиіс болған Ақсудағы мұз сарайының құрылысы бойынша қандай өзгеріс бар екенін атап өтті.
– Соңғы жылдары бағалар қатты өзгеруде. Сондықтан құрылыс жобасы қайта түзетуге жіберіліп, қайта есептеу жасалды. Жоба жұмысын жеңіп алған фирма істі алып кете алмады. Оған материалдардың қымбаттағаны себеп болды. Сосын қайта конкурс жарияланды. Биыл құрылыстың бірінші кезеңіне қаржы бөлінді. Бұл құрылыс 2023-2024 жылдарға арналған, – деді Нұрлан Есембаев.
Сондай-ақ Президент тапсырмасымен Павлодарда көпфункционалды мұз сарайы салынады. Құрылыс «Достық» шағын ауданында салынады. Оған қоса, Екібастұз қаласында да мұз сарайын салуға жоба дайындалуда. Нысан 2024-2025 жылдары салынады.
Нұрлан Есембаев бірнеше жаңа мұз сарайын салу не үшін қажет екеніне тоқталды.
– Біздің спортшыларда мұз үстінде жаттығу жоқ деуге болады. Бір ғана мұз алаңы бар. Яғни, балаларға жаттығуға уақыт жоқ. Сараптама жасалып, спорт ісі комитетіне түсініктеме хат жолданды. Президент бізге келген кезде нақты тапсырма берді. Бұл жеке инвестициялық қаржыға салынады, – деді Нұрлан Есембаев.
Ал, «Спорт сити» қалашығындағы сырғанау аренасы – Қазақстанда баламасы жоқ өзгеше нысан. Онда 2 хоккей алаңы, шорт-трек, керлинг түрлері бойынша да жаттығуға болады. Тек шаңғы бойынша жаттығуға мүмкіндік жоқ деуге болады.
Шаңғымен сырғанау спортына қатысатындар үшін Баянауыл ауданында шаңғы базасын салу көзделген. Онда барлық жағдай жасалып, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарындағыдай үлкен нысан салынбақ.
Фото: ашық дереккөздерден