Павлодарлық палуан ел қоржынына медаль қосты

Павлодарлық палуан ел қоржынына медаль қосты
Фото: Есенжол Исабек

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттық тартыстар жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елордалық «Алау» спорт кешенінде өзбектің кураш жарысы өтуде. Павлодар облысының намысын Алтынай Нұрханова лайықты қорғап шықты. Павлодардың қызы ширек финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері түрікмен палуаны Гүлшат Аннаеваны тізе бүктірді. Алайда жартылай финалда Алтынай Нұрханова үндістандық спортшыдан жеңіліп, нәтижесінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қоласына ие болды.

Асық ату бойынша спортшыларымыз ойдағыдай өнер көрсетуде. Спортшылар жартылай финалға жолдама алды. Естеріңізге сала кетейік, ел құрамасы үшін павлодарлықтар Жомарт Нұрланов пен керім Жаздықбай өнер көрсетеді. Финалға шығу матчы ертең өтеді.

Ертең оваристер де тартысқа түседі. Африка халықтарының зияткерлік ойынында павлодарлықтар Серік Ақтаев пен Ернұр Мерешов мықты, ел оларға сенім артады, спортшылардың жеңіске жету мүмкіндігі өте жоғары.

Ойындардың үшінші күнінен кейін жалпыкомандалық есепте Қазақстан 18 алтын медальмен бірінші орында, қырғыздарда жеті, ресейліктерде төрт алтын медаль бар.