Павлодарда бассейні бар жаңа спорт кешені салынады

Павлодарда бассейні бар жаңа спорт кешені салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Нысанның орны белгіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда сыйымдылығы бес мың адамға арналған бассейні бар көпфункционалды спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Нысан Достық шағынауданында орналасады. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Аукаирова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жобалауды аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өткеннен және қаржыландыру көздері анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталуы мүмкін.

Кешен өңірдің спорт инфрақұрылымын дамыту аясында салынбақ. Оның іске қосылуы тұрғындардың жүзумен айналысуына және түрлі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Достық шағынауданында мұз сарайының құрылысы да жалғасып жатыр. 2026 жылы мердігер «Lux Building Company» ЖШС қазаншұңқыр қазу жұмыстарын бастаған. Нысан құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, Екібастұз қаласында мұз айдыны бар көпфункционалды спорт кешенінің жобасы әзірленуде.

Жалпы, Павлодар облысында 21 жүзу бассейні жұмыс істейді. Оның үшеуі ауылдық жерлерде орналасқан. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 981 бала мен жасөспірім жүзумен айналысады.