Павлодарда мектеп оқушылары дебат турнирінде бақ сынасады

Павлодарда мектеп оқушылары дебат турнирінде бақ сынасады
Фото: Константин Шелков

Жеңімпаздар тұңғыш Ұлттық пікірсайыс турниріне қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Respublica» партиясы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен және «Ozgerteam» қоғамдық қорымен бірлесіп, «JasREPUBLIC CUP» атты еліміздің барлық аймағында аймақтық пікірсайыс турнирін ұйымдастырады. 

Аймақтық турнирлер 2024 жылғы 28-29-қыркүйек аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыста, қазақ және орыс лигалары арасында өтеді. Пікірсайысқа әр өңірден 40 фракция (топ), Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 50 фракция қатысады. Аталмыш жарыс 800-ден астам фракцияны, үш мыңға жуық жастың басын қосатын болады. 

Турнир ел жастарының зияткерлік қабілеттерін ашуға, оқушыларды білімге, тапқырлыққа, шешендік өнерге баулуға, жас ұрпақты бірлік пен тұтастыққа ұйыстыра отырып, олардың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіруге, пікірсайысшы жастарды қолдауға және саяси сауатын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, жас азаматтарға өзара тәжірибе және пікір алмасу алаңын ұйымдастыру арқылы оларды қоғамдағы өзекті мәселелерді зерделеуге, шешу жолдары мен тиімді механизмдер ұсынуға, жаңа ойлар мен тың идеяларды айтуға бейімдеуге жетелейді. 

– Осы бастаманы Назарбаев зияткерлік мектептері және «Ozgerteam» қорымен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта да бірлескен жұмыстарымыз жалғасады деген үміттеміз, – дейді «Respublica» партиясы Орталық аппаратының басшысы Жанат Ысқақов. 

Басшының айтуынша, пікірсайыс – мектеп оқушыларына жаңа тақырыптармен танысуға, ақпаратты іздеуге және өңдеуге, дау стратегиясын анықтауға, оппонентті тыңдауға және командада жұмыс істеуге мүмкіндік беретін зияткерлік, лингвистикалық, коммуникативтік дағдыларды дамытудың ең тиімді құралдарының бірі. Жастарды тыңдау, қоғамдық ортаға, азаматтық ұстанымға бейімдеу – бүгінгі іс-шараның негізгі өзегі.

Аймақтық турнир жеңімпаздары 25 қазан – Республика күніне орай, Астанада өтетін тұңғыш Ұлттық пікірсайыс турниріне қатысады.  

Айта кетейік, дебат халықаралық мектеп пікірсайыс форматында (WSDF) ұйымдастырылады.