Павлодарлық студенттер өздігінен сабақ кестесін құратын бағдарлама әзірледі

Жасанды интеллект көмегімен генетикалық алгоритм қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Автоматтандырылған сабақ кестесін құру жүйесінің жасалғаны туралы Павлодар ақпараттық технологиялар колледжі мәлім етті. Жобаның авторлары — оқытушылар Дәурен Тәшімов пен Светлана Тетерина, сондай-ақ, төрт студент — Руслан Сыздықов, Асанәлі Өскенбай, Илья Курышин және Георгий Голубцов.
– Сабақ кестесін жасау – әр оқу орны үшін үлкен мәселе, – дейді Дәурен Тәшімов. – Сондықтан біз бұл міндетті жеңілдетуге бел будық. Біздің жүйе кестені жедел түрде өзгерістерге бейімдеуге мүмкіндік береді. Мысалы, оқытушының ауруханаға түсуі немесе күтпеген іс-шаралар кезінде. Бұл оқу орнының жалпы ұйымдастыруын және басқаруын жақсартады.
Бағдарламаның негізінде генетикалық алгоритм жатыр. Бұл – биологиялық эволюция қағидаларына негізделген оңтайландыру әдісі. Ол табиғи сұрыпталу, шағылыстыру және мутация процесстерін еліктей отырып, күрделі мәселелердің оңтайлы немесе оңтайлыға жақын шешімдерін табуға мүмкіндік береді.
– Алдымен бағдарламаға оқу жоспары енгізіледі, сол арқылы жүйе пәндер, оқытушылар, аудиториялар мен сағаттар туралы барлық қажетті деректерді алады, – деп түсіндіреді IT колледжінің оқытушысы. – Одан кейін деректерді парсингтеу жүреді, яғни мәліметтер өңделіп, диспетчерге ұсынылады. Диспетчер деректерді тексеріп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізеді.
Осыдан кейін сабақ кестесін генерациялау процесі басталады. Сол генетикалық алгоритм мүмкін болатын кестелердің бастапқы популяциясын құрады, оларды берілген өлшемдер бойынша бағалайды, үздік нұсқаларды таңдап, шағылыстыру мен мутация жасайды және ең жақсы нұсқа алынғанға дейін циклді қайталайды.
Жасақтаушылардың айтуынша, мұндай тәсіл көптеген факторларды ескеруге және өзгерістерге икемді бейімделуге мүмкіндік береді. Бұл жүйені оқу орындары үшін қуатты құрал етеді. Ең бастысы – енді колледжде сабақ кестесін жасауға көп уақыт пен адам ресурсын жұмсаудың қажеті болмайды.