Павлодарлық студенттің тарихи квест ойыны халықаралық байқауда үздік деп танылды
Байқауды «Мұғалімдер мен зияткерлік балалар халықаралық ғылым академиясы» қоғамдық қоры ұйымдастырып, қашықтықтан өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Margulan university баспасөз қызметінің мәліметінше, ЖОО гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Тарих» МТ-32 тобының студенті Аяна Өмірова III Халықаралық «Сыныптан тыс жұмыстарды үздік дамыту» байқауында 1 орынға ие болды. Ол Павлодар қаласының №39 жалпы орта білім беру мектебінде педагогикалық тәжірибе кезінде бұрын өткізілген «Түркі әлеміне саяхат» атты сыныптан тыс іс-шара әзірлемесін ұсынған. Бұл жоба азаматтық-патриоттық және көпмәдениетті бағытта әзірленген.
– Әдістеме көптілді білім беру аясында 7-сынып оқушыларына тарих пәнінен сыныптан тыс іс-шара өткізуге арналған. Тарихи квест ойыны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Ол бүкіл түркі дәуірін қамтиды. Қызықты ойын түрінде балалар жаңа білім алады, сонымен қатар үйренген материалдарын бекітеді, – дейді жобаның ғылыми жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі «Тарих» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Гүлнар Тохметова.
Аяна Өмірова станциялар арқылы саяхат түрінде өтетін интеллектуалды ойын әзірлеген, станциялардан өту тәртібі маршрут парағымен анықталады. Іс-шара интегративті сипатқа ие және квест түрінде ұйымдастырылады. Онда Қазақстан тарихы, дүние жүзі тарихы, әдебиет, музыка, сәндік-қолданбалы өнер, қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша материалдар қамтылған.
Оқушылар виртуалды экскурсия барысында түркілердің мәдени мұрасымен танысып, өз елі туралы жаңа білім алады. Шет тіліндегі мәдениетаралық қарым-қатынас жағдайында зерттелген мәдениетті ұсынады.