Асайын Байханов: Ауыл әкімдері тұрғындармен араласпайды
Облыс орталығында шағымдар саны 65% өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста мемлекеттік органдардың жұмыс сапасына ерекше назар аударды.
– Әрбір әкім, әкімдік, мемлекеттік органның бөлім, басқарма басшылары өз деңгейіндегі сұрақтар бойынша өтініштермен жұмыс жүйесін реттеуі тиіс деп санаймын. Шағымдар мен өтініштер саны 65% - ға өсті, бұл 1,5 еседен артық,– деп атап өтті облыс әкімі. – Сұрақтардың 80-90%-ы дерлік түкке тұрғысыз: біреудің үйінде бұтағын кесу керек, біреуге қоқыс шығарып беру қажет. Облыс әкімі ретінде Павлодар өңірін дамытудың стратегиялық мәселелерімен айналысу керекпін, алайда уақытымның 20%-ы осы шағымдарға кетіп отыр. Себебі мемелекеттік органдар тұрғындардың сауалына жауап бермейді.
Асайын Байханов «109» бірыңғай қызмет орталығының жұмысына да көңілі толмай, өтініштерді уақытылы қабылдамайтынын атап өтті.
– «109» бірыңғай қызмет орталығы жұмыс істемейді. "Ыстық су қашан беріледі?" - деген қарапайым сауалға жауап жоқ. Орталықтың басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылсын, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ауыл әкімдерінің халықпен байланысы нашар екенін ескерді.
– Аудан әкімдігінде дәл осындай мәселе. Ауыл әкімдері дұрыс жұмыс істемейді, ауыл тұрғындарымен араласпайды. Мысалы, салынып жатқан кіреберіс жолының аяқталу уақытын білмейді. Біз халықпен тиімді байланыс орнатуымыз керек, – деді Асайын Байханов.
Бұдан бөлек, тұрғындардан білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау басқармаларының тарапына және Павлодар қаласының полициясына шағымдар көп түседі. Аймақ басшысы облыстық аппаратқа халықтан келіп түсетін мәселелерді орындамаған әкімдерге қатысты шаралар қабылдауды тапсырды.