Павлодар облысында орман мекемелері қажетті жабдықтармен толықтырылды
Бүгінгі таңда барлық техника мен жабдық қоймаларда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, соңғы уақытта орман шаруашылығын қажетті жабдықтармен, техникамен жабдықтау 58-ден 72%-ға дейін арттырылды.
– Желтоқсан айында орман шаруашылықтарының қоры бес шағын орман өрт кешенімен толықтырылды. Жалпы, үш орман қорғау мекемесі үшін бес өрт сөндіру автоцистернасы, 10 ШОӨК, 33 мотоцикл, 17 ағаш отырғызу жабдығы, шамамен 100 рация сатып алынды. Нәтижесінде орман мекемелерінің өрт қаупі бар маусымға дайындығы айтарлықтай өсті, – деп жазды Айгерім Қабылтаева Іnstagram парақшасында.
Бүгінгі таңда барлық техника мен жабдықтар қоймаларда, олар көктемде, яғни өрт қауіпті кезеңінің алдында дайындалып, пайдалануға беріледі.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Тағы төрт өрт сөндіру машинасын сатып алу жоспарлануда. Нәтижесінде мекемелер техникалармен 100% жабдықталады.