Павлодарлықтар салют пен фейерверкті қашан тамашалай алады?
Облыс орталығында соңғы рет осыдан екі жыл бұрын от шашу болған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Бұрын тұрғындар маңызы бар мерекелерде, атап айтқанда Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл, Жеңіс күні қарсаңында салют пен фейерверктерді тамашалай алатын. Соңғы уақытта отшашулар мүлдем жасалмайды. Оның себебін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева түсіндірді.
– Соңғы рет қалада екі жыл бұрын салют атқан едік. Қазіргі мерекелік іс-шараларда отшашуды жасамаймыз. Себебі бұл экологияға үлкен зиянын тигізеді, – деді Светлана Гладышева. – Сондай-ақ тәттілерден шашу шашуды, шарларды аспанға ұшыруды тоқтаттық.
Оның айтуынша, болашақта отшашу мен фейерверктердің қолданылуы қарастырылмайды. Қазір әр түрлі мерекелерде фейерверктердің орнына қауіпсіз суық отты пайдаланады.
Еске сала кетейік, 22 шілдеде Павлодарда қала күні аталып өтіледі. Осыған орай облыс орталығында спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Кешкі концертте әйгілі қазақстандық жұлдыздар LUINA, «RINGO» тобы, «Ny-Za Band» музыкалық тобы өнер көрсетеді.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті.