Павлодарлықтар демалыс күндері жағалау бойымен самокатпен жүре алмайды

Электр самокаттар жүйесі қозғалысын өзі блокқа қояды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жағалау алаңында электр самокаттардың, велосипедтердің, гироскутерлердің және басқа да көліктердің қозғалысына шектеулер енгізілді. Мұндай шешім қалалық мәслихат пен JET каршерингтік компаниясы өкілдерінің қатысуымен өткен жиыннан кейін қабылданды.
Енді велосипедшілер арнайы белгі бар жағалаудың төменгі қабатында ғана жүре алады. Жоғарғы және ортаңғы қабаттар көліктер үшін жабық – Естай және Қайырбаев жағынан төмен түсетін жерге тиісті белгілер орнатылған. Бірақ әлі де ережені елемейтіндер бар.
– Күн сайын кем дегенде бес тәртіп бұзушыны ұстаймыз. Біз кәмелетке толмағандарға жай ғана ескерту жасаймыз. Ал ересектерге хаттама жасап, 11796 теңге айыппұл саламыз. Апта ішінде айыппұлдың жартысын жеңілдікпен төлеуге болады, – дейді Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Абылайхан Алпысбай.
Ережелердің сақталуы күнделікті қадағаланады. Оқиға орнында патрульдік жасақ кезекшілік етуде.
– Сондай-ақ, JET автошерингтік компаниясымен бірлесіп, полиция бұқаралық іс-шаралар кезінде және демалыс күндері Естай қиясынан Лермонтов қиясына дейін жағалаудағы үш ярустың барлығында электр самокаттарға арналған қызыл аймақты енгізу туралы келісімге келдік. Самокат жүйесінің өзі бұл аймақтарда қозғалысын блоктайды, – деп түсіндірді спикер.
Самокаттарды жұппен немесе үштікпен басқаратын тәртіп бұзушыларға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, жол бөлігінде қозғалыс кезінде электр самокаттың жүргізушісінде каска және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы керек.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай шешімдер тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қабылдануда. Шілде айының басында егде жастағы әйел қала жағалауында велосипедінен құлап көз жұмған болатын.