Павлодар облысында қайта өңделген өнім экспортын 70% ұлғайту жоспарлануда
Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Павлодар облысы әкімдігінің аппараттық жиналысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев мәлім етті.
– Облыс бойынша қуаттылығы жылына 12 мың тонна ет өңдеу бойынша екі жобаны жаңғырту, жалпы қуаттылығы жылына 10 мың тонна сүтті сүт зауыттарды жаңғырту бойынша үш жобаны іске асыру, өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін жалпы қуаты 1,5 тонна нан-тоқаш өнімдерін өндіру жоспарлануда, – дейді Марат Ақтаев.
Басқарма басшысының айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай азық-түлік өнімдерін өндіру 1,5 есеге, азық-түлік өнімдерін өндіруге инвестицияларды 9 миллиард теңгеге дейін ұлғайту және қайта өңделген өнім экспортының үлесін 70%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы қарсаңында бөлінген 1,5 миллиард теңге толық көлемде игеріліп, 192 жеңілдетілген микрокредит берілді. Ауылда 350 жаңа жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде ауыл халқының табысын арттыру жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін масштабтау шеңберінде ағымдағы жылы 10 миллиард теңге бөлінді. Оның есебінен 7 сүт-тауар фермасын салу және кеңейту қаржыландырылатын болады. Бұл сүт өндіру көлемін 31,5 мың тоннаға ұлғайтуға және асыл тұқымды мал басын 5 мың басқа ұлғайтуға мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі 35 миллиард теңгені құрайды.
Қосымша 2024 жылға етті мал шаруашылығы объектілерін, құс фабрикалары мен көкөніс қоймаларын салу және кеңейту бойынша 40 жоба қалыптастырылды.