Туристер Павлодар облысында қанша ақша қалдырды
Биыл облыста 100 мыңға жуық адам демалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысына жұмыс сапарымен ҚР туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев келді. Министр орынбасары облыс тұрғындары мен туристік бизнес өкілдерімен жүздесті.
Мирас Төлебаев Павлодар облысының туристік потенциалын ерекше атап, Баянауыл курорттық зонасының әлеуетіне тоқталды.
- Облыстың әлеуеті зор, дамытатын тұстары да баршылық, әрине. Туристерге ұнайтын нысандар бар. Мысалы, Баянауыл туристік аймағы 400 мыңға жуық адамды қабылдай алады, - дейді Мирас Төлебаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, биыл облыс 100 мыңға жуық турист қабылдаған, олардың бес проценті – шетелдіктер. Екі миллиард теңге сомаға қызмет көрсетілді.
Туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі биыл 430 процентке артып, 16 миллиард теңгеге жетті. Жалпы сомасы екі миллиард теңгелік 12 жоба іске асырылуда.
Әрі қарай Мирас Төлебаев туристік қауымдастық сауалдарына жауап берді. Айталық, облыстық туризм ассоциациясының төрайымы Тілектес Мүсенова туристік орталықты құруға көмек беруді өтінді, ал «Саят-Павлодар» турфирмасының директоры үлмира Отарғалиева сақтандыру мәселесін көтерді. Оның сөзіне қарағанда, әртүрлі форс-мажорлық жағдайдайларда туристер шығындары өтелсе, турфирмаларға қол ұшын беретіндер табылмайды.
Оған қоса, Гүлмира Отарғалиева адал бәсекелестік мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, нарықта жұмыс істейтін Kaspi Travel фирмасы – тур агрегаторы болып, сол себепті ҚР заңнамасына қайшы қызмет етуде. Мирас Төлебаев аталған ұйымның қызметін құзыретті органдар тексеріп жатқанын айтты.
Спикерлер туризм саласындағы мемлекеттік органдар қызметін ұйымдастыру жөнінде пікір алмасты. Туризмге бөлек басқарма құру керек дегендер де болды. Вице-министр бұл идеяны қолдағанымен, аталмыш бастама облыс әкімдігінің құзыретінде екендігін ескертті.
Естеріңізде болса, Павлодар облысында жалпы саны 3,5 мың нөмірлі 127 қонақ үй жұмыс істейді. Оларда 9 000 адамға жуық турист орналаса алады.
Фото: Константин Шелков және Есенжол Исабек