Павлодар ауданында он үш бас сиыр ұрлаған күдікті ұсталды

Павлодар ауданында он үш бас сиыр ұрлаған күдікті ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол ауданның 50 жастағы тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел уәкілдер  оның 2023 жылдың мамырынан шілдесіне дейін еркін жайылымнан 13 бас сиыр ұрлағанын анықтаған.  

– Сондай-ақ, Аққулы ауданы мен Павлодар ауданының полиция қызметкерлері жайылымнан жоғалған жылқыларды тауып, иелеріне қайтарып берді. Жылқылар даладан табылды, – дейді департаментте. 

Полиция ведомствосында мал ұрлығын жасауға, оларды ұстауға және қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасы 2023 жылғы 10 желтоқсанға дейін жалғасатынын еске салды. 

Тәртіп сақшылары мал мен ет өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзудың 15 фактісін  тоқтатты. Іс-шараның бірінші күні рейд барысында бұзушылықтар анықталды. Барлық фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Шешім қабылдау үшін материалдар ветеринариялық инспекцияға жіберілді.

Сондай-ақ мал жаю ережелерін бұзудың 34 фактісі анықталды. Құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша жазаланды. Мамандандырылған қораларға 129 бас мал қамалды. Бұрын жасалған бір қылмыс ашылып, жоғалған малдың қай жерде екені  анықталды.