Екі мегаполисте бет-әлпетті тану бейнемониторинг жүйесі іске қосылды
Жасанды интеллект технологияларының қолданылуымен іздеудегі адамдарды тануға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz сайтының ақпаратынша, еліміздің екі мегаполисінде бет-әлпетті тану жүйесі жұмысын бастап, 125 Ұлттық бейнемониторинг жүйесі іске қосылған.
Инновациялық жоба Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ынтымақтастығымен әзірленді. Ұлттық бейнемониторинг жүйесі жасанды интеллект технологияларының қолданылуымен іздеудегі адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалдырылған заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты режимде тіркеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компьютерлік бағдарлама көлікті маркасы, моделі және түсі бойынша сәйкестендіре алады. “Ақылды” камералардың назарында теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақ үйлер, көшелер және сауда ойын-сауық орталықтары сияқты нысандар бар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік туды. Бейне-талдау жүйесінің көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталып ұсталып, жүйе өз тиімділігін көрсеткен.
Сонымен қатар Алматыда іздеуде жүрген 30 адам анықталып құрықталған. Енгізілген технологиялар – ақылды қалаларды құруға жасалған қадам. Олар қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, қылмысты азайтуға көмектеседі. Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді қолданылады. Қазақстан үздік тәжірибелерді игеріп, осы әлемдік үрдістің бір бөлігіне айналуда. Алдағы уақытта камералар санын ұлғайта отырып, бейнемониторингті кеңейту жоспарланып отыр. Бұл кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда меншік түріне қарамастан елімізде 1 миилион, 359 мың бейнекамера бар, оның 310 мың жедел басқару орталықтары және полицияның кезекші бөлімдеріне шығарылған. Инновациялық жобалардың қылмысқа қарсы іс-қимылда және адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көмегі зор. Іске қосылған жүйелердің басты мақсаты – әрбір азаматтың заң мен тәртіп орнаған қоғамда өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.