Павлодарда полицейлер жол үстіндегі балаларды бақылауды күшейтті
Тамыз айының соңынан бері 700-ден астам ереже бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
- Бүгінгі таңда Павлодар облысының жолдарында балалардың қатысуымен 51 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан үш кәмелетке толмаған адам көз жұмып, 56 бала жарақат алды, - деді Қуаныш Мұстафинов.
Былтыр облыс жолдарында екі бала мерт болса, балалардың қатысуымен 58 жол-көлік оқиғасы орын алды.
2023-2024 оқу жылында жергілікті атқарушы, білім беру, денсаулық сақтау органдары, үкіметтік емес ұйымдар мен өзге мүдделі тұлғалармен жоспарланған, жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында профилактикалық сабақтар, дәрістер өткізілді.
Оның ішінде ата-аналар жиналыстарында балалардың қатысуымен «Үздік мұғалім», «Үздік сынып», «Үздік мектеп» және байқаулар ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта облыс аумағында «Назар аударыңыз, балалар» жедел-алдын алу шарасы екі кезең бойынша өтіп жатыр. Шаралар барысында мектепке дейінгі және мектеп типіндегі мекемелерге жататын көше-жол желісі тексеріледі. 702 ереже бұзушылық анықталды.
Фото: Константин Шелков