Астана – елдің жүрегі: Павлодарда елордаға арналған көрме ашылды

Астана – елдің жүрегі: Павлодарда елордаға арналған көрме ашылды
Фото: автор

Жұртшылық назарына Елорданың өткені мен өңір тарихы жайлы сыр шертетін сирек еңбектер ұсынылған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі. 

Көрменің мақсаты – оқырмандарға Астананың қалыптасу кезеңдерін, тарихи және мәдени даму жолдарын таныстыру. Бұл туралы кітапханашы Гүлжан Мұхамеджанқызы  айтып берді.

– Көрмеде ұсынылған кітаптар арқылы оқырман Астананың ежелгі тарихынан бастап, қазіргі заманауи мегаполиске айналғанға дейінгі кезеңдерін зерттей алады. Астана – елдігіміздің айғағы, ұлт жүрегі. Біз осы көрме арқылы қаланың рухани келбетін көрсетуге тырыстық, – дейді кітапханашы.

Көрмеге қойылған басты еңбектердің бірі – «Астана. Астананың және өңірдің тарихы» атты ғылыми-көпшілік басылым. Бұл кітап 2006 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көріп, Елорданың бай тарихын кеңінен баяндайды.

Сондай-ақ, «Астана жазушыларының кітапханасы» топтамасының төртінші кітабы да ерекше қызығушылық тудырды. Жинаққа Омбы мен Томбы архивтерінен алынған сирек құжаттар мен мәліметтер енгізілген. Бұл еңбектерінде 14-19 ғасырлар аралығындағы өңір тарихы кеңінен қамтылған.

Көрменің тағы бір құнды дүниесі – ақын Ғалымбек Жұматов пен композитор Назымбек Дүкенбаевтың бірлескен туындысы «Астанам – әсем асқақ ән» атты әндер жинағы. Кітапта ноталармен бірге Елордаға арналған танымал әндердің мәтіндері берілген. Бұл еңбек қазіргі таңда мектептердегі музыка сабақтарында кеңінен қолданылып келеді.

Жансая Мәлік

Көрме аясында энциклопедиялар, сөздіктер, жолкөрсеткіштер мен фотоальбомдар да ұсынылған. Олар арқылы оқырмандар Астананың сәулетті келбетімен, тарихи нысандарымен және мәдени ерекшеліктерімен таныса алады.