Астанадан – Павлодарға: Кәсіпкер жергілікті өнімдерден дивандар шығаруда

Цехта тәулігіне он-он бес жиһаз дайындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Baitaq» жеке кәсіпкерлігі жиһаз өндірісін 2022 жылы бастады. Бүгінгі таңда өндірісте 17 адам қызмет атқаруда. Оның бесеуі – тігінші, бесеуі – жұмсақ жиһаз жасаушы, бесеуі – жиһаз жақтаушысы және екеуі – қосымша жұмыскер.
Кәсіпкер Жанаргүл Орынбай 2023 жылдың мамыр айында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде банктердің бірі арқылы 50 миллион теңге көлемінде несие алған. Қаражаттың бір бөлігіне жер учаскесін сатып алып, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 313 мекенжайында жиһаз өндіретін цех салған.
Бұл жиһаз жасау цехының ерекшелігі – барлығы жергілікті өнімдерден жасалады. Дәлірек айтқанда, мата да, жиһаз ағаштары да жергілікті кәсіпкерлерден сатып алынады.
– Біз бастапқыда Астана қаласында түрік моделіндегі үстелдер мен орындықтар саттық. Кейін Павлодарда «Даму» қоғамдық қоры арқылы жиһаз дүкенін аштық. Бірінші қабатта дүкеніміз, төменгі қабатта цех орналасқан. Бір күнде 10-15 жиһаз, бір аптада шамамен 70-90 жиһаз жасалады, – дейді Жанаргүл Орынбай.
Айта кету керек, «Baitaq» жеке кәсіпкерлігінің жиһаздары Ақсу, Екібастұз, Семей қалаларына да жеткізіледі.