Павлодар облысының ауыл шаруашылығында ғылыми тәсілге басымдық берілуде

Павлодар облысының ауыл шаруашылығында ғылыми тәсілге басымдық берілуде
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Егіс отырғызу туралы шешімдер топырақ талдауы мен цифрлық деректер негізінде қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шарбақты ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асайын Байханов «Микрон» шаруа қожалығының қызметімен танысты. Кәсіпорын нақты егіншілік элементтерін және заманауи агротехнологияларды енгізіп келеді.

Шаруашылық алты мың гектардан астам жерді өңдейді. Егіс құрылымында бидай, жасымық, күнбағыс, зығыр және соя дақылдары бар. Биыл майлы дақылдарға төрт мың гектардан астам жер бөлініп, оның 3116 гектары КВС F1 гибридті күнбағысқа тиесілі.

Шаруалар егіс жұмыстарында strip-till жүйесін және цифрлық технологияларды кеңінен қолданып отырғанын мәлімдеді.

– Күзде қатарларды кесіп, сол жерге бірден аммофос саламыз. Қыс бойы ол еріп, өсімдікке пайдалы болады. Сонымен қатар алдын ала егістік координаттарын – А және Б нүктелерін, бойлық пен ендікті белгілеп аламыз. Бұл деректер техникаға жүктеліп, егіс дәл сол координаттар бойынша жүргізіледі, – деді «Микрон» ЖШС басшысы Валерий Сорокин.

Шаруашылықта топырақты талдауға да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл көктемде әртүрлі тереңдіктен топырақ үлгілері алынып, зертханаға жіберілген.

– Біз барлық алқаптардан үлгілер алдық. Зерттеу нәтижелері бойынша қай жерге қандай тыңайтқыш қажет екені нақты анықталды, – деді шаруашылық өкілдері.

Мамандардың айтуынша, мұндай тәсілге көшу техника паркін жаңартқаннан кейін мүмкін болған.

– 2022 жылдан бастап техника паркін жаңарттық, бүгінге шамамен 98 пайызға дейін жаңарды. Қазір мұның бәрін енгізуге толық мүмкіндік бар, – деді шаруа.

Кездесу барысында еңбекақы және кадрлық даму мәселелері де талқыланды. 2026 жылы орташа жалақы 560 мың теңгеге дейін өседі деп жоспарлануда.

Жүздесуді қорытындылаған облыс әкімі ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялар мен жүйелі тәсілдің маңызын атап өтті.

– Жаңа буын – ақылды фермерлер өсіп келеді: жаңа технологияларды қолданады, карталарды жүктейді, сақтайды, резервтік көшірме жасайды. Қай жерде жұмыс істегенін болжаудың қажеті жоқ – бәрі дерек арқылы көрініп тұрады, – деді Асайын Байханов.

Бұған дейін өңір басшысы көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Биыл Шарбақты ауданында 216 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себіледі.