Ата Заң зағип және нашар көретін азаматтар үшін қолжетімді болды
Ұлттық кітап күніне орай Қазақстан Конституциясы Брайль қарпінде және аудионұсқада жарық көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, жаңа басылымның таныстырылымы арнайы республикалық кітапханада өтті.
Кітап апталығы аясында өткен шара зағип және нашар көретін жандардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруды көздейді. Енді еліміздің бас құжаты қазақ және орыс тілдерінде бедерлі-нүктелі қаріппен оқуға, сондай-ақ дыбыстық нұсқада тыңдауға ыңғайлы форматта ұсынылып отыр.
Таныстырылым барысында кітапхана мамандары қатысушыларға Брайль басылымдарын дайындаудың күрделі үдерісін көрсетті. Әрбір беттің жасалу кезеңдері мен технологиялық ерекшеліктері таныстырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Конституцияның жаңа басылымы – саяси жүйені жаңғырту мен қоғамдық дамудың маңызды сатысы.
– Басты мақсатымыз – мемлекеттік маңызы бар құжаттарды барлық азаматтар үшін, денсаулық жағдайына қарамастан қолжетімді ету. Бұл – қоғамдағы тең мүмкіндіктер мен құқықтық сауаттылықты қамтамасыз етудің кепілі, – деді шараны ұйымдастырушылар.
Ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Ата Заңның Брайль форматындағы нұсқасы алдағы уақытта еліміздің өзге де мамандандырылған кітапханаларына таратылмақ. Бұл бастама мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік маңызды құжаттармен кедергісіз танысуына жол ашады.