Қазақстандық аналарды жәрдемақыдан айыру туралы ақпарат жалған болып шықты

Қазақстандық аналарды жәрдемақыдан айыру туралы ақпарат жалған болып шықты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты мемлекеттік органдар жоққа шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпараттық пабликтерде курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді.

Уәкілетті органдардың түсіндіруінше, бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджеттен бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді.

– Бұл жәрдемақылар шартсыз негізде тағайындалады және алушының кейіннен жұмысқа орналасуына қарамастан толық мерзімде төленеді, – делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес, мұндай төлемдерді тоқтату тек алушының өз еркімен берген өтініші негізінде ғана жүзеге асырылады.

Мамандар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі әкімшілерін ресми ақпаратты тарату кезінде мұқият болуға шақырды.

Уәкілетті органдар азаматтарға тек ресми түсіндірмелерге сүйенуге және күмән туындаған жағдайда ақпаратты тікелей мемлекеттік мекемелерден нақтылауға кеңес берді.