Ақсуда кәріз қарқынды жөнделмек

Ақсуда кәріз қарқынды жөнделмек
Фото: Татьяна Сартакова

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында Строителей көшесіндегі кәріз коллекторын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жоба аясында кәріз коллекторының екі учаскесінде құбырлардың техникалық жағдайына байланысты әртүрлі құрылыс әдістері қолданылуда. Құбыр желілеріне жүргізілген бейнедиагностика нәтижесінде шойын құбырлардың бірқатар учаскелерін ашық әдіспен жаңарту көзделген. Сондай-ақ диаметрі 200 миллиметр болатын екі қабатты полимер құбырлар пайдаланылуда.

Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, су бұрудың үздіксіздігі қамтамасыз етілуде. Демонтаждалған құдық сақиналарының орнына жаңа мойыншалар орнатылады. Жобаның жалпы құны – 531,4 миллион теңге. Мердігер ұйым – «Қазстройсервис-7» ЖШС. Жаңғыртылатын учаскелердің жалпы ұзындығы 1,2 шақырымнан асады.

Жұмыс барысы туралы баяндаған мамандар бұған дейінгі жобаның толық аяқталғанын атап өтті. Атап айтқанда, ФНС-5 нысанынан камераға, әрі қарай басты тазарту станциясына дейінгі учаскеде санация жүргізіліп, теміржол астындағы құбыр бөлігі де жаңартылған. Қазіргі уақытта екі құдықты қалпына келтіру жұмыстары ғана қалған. Одан кейін аумақты қиыршық таспен нығайтып, асфальт төсеу жоспарланған.

Асайын Байханов инженерлік инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары аяқталмай тұрып абаттандыру жұмыстарын жүргізуге болмайтынын атап өтті.

– Алдымен инженерлік инфрақұрылымға қатысты мәселені толық шешіп алу қажет. Содан кейін ғана аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізу керек, – деді облыс әкімі.

Ақсу қаласында бұдан бөлек кәріз желілерін реконструкциялауға бағытталған тағы бірнеше жоба іске асырылуда. Оның ішінде жалпы құны 2,3 миллиард теңге болатын жоба аясында 2,5 шақырым желіні жаңғырту көзделген. Екінші жобаның құны – 2,8 миллиард теңге, оның шеңберінде 2,2 шақырым кәріз желісі қайта жаңартылады.

Жобаларды осы жылы аяқтау жоспарланған. Жұмыстарды қараша айында толық аяқтау көзделіп отыр.