Павлодар облысында 92 шақырым инженерлік желі жаңартылады
Павлодар облысы алдағы жылыту маусымына белсенді дайындалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновке аймақ басшысы Асайын Байханов баяндады.
– Павлодар облысының алдағы жылыту маусымына дайындығы белсенді түрде жүргізіліп, ерекше бақылауда тұр. Қазіргі таңда өңірде жылу және электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялау мен жөндеу, сондай-ақ инженерлік коммуникациялардың ең тозған учаскелерін ауыстыру бойынша 16 жоба жүзеге асырылуда. Жаңартылатын желілердің жалпы ұзындығы – 92 шақырым, қаржыландыру көлемі – 22 миллиард теңге, – деді облыс әкімі.
Алдағы жылыту кезеңінде тұрғындарды сенімді әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталады.
2027 жылы тағы 38 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 104 млрд теңгеге 352 шақырым инженерлік желіні жөндеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі екі пайызға, электр желілерінің тозуы 2,6 пайызға, сумен жабдықтау желілерінің тозуы 0,4 пайызға төмендейді.
– Осылайша, Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында екі жыл ішінде өңірде жалпы ұзындығы 444 шақырым инженерлік желі жаңартылады. Коммуналдық қызметтердің сапасы облыстың 282 мыңнан астам тұрғыны үшін жақсарады, – деді Асайын Байханов.
Павлодар облысы жылыту маусымына дайындық қарқыны мен жұмысты ұйымдастыру деңгейі бойынша үлгі ретінде атап өтілгенін айта кету керек. Аймақ басшысы бұл біз үшін тек жоғары баға ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік екенін айтып, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастырып, барлық жылу энергетикасы нысандарының маусымға толық дайын болуын қамтамасыз ету - басты міндетіміз екенін атап өтті.