Ақсулық балабақша әдіскері республикада үздік үштіктің қатарына енді
Үздік атану үшін алты қатысушы бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мектепке дейінгі білім беру саласындағы педагогтардың озық тәжірибесін анықтауға және таратуға бағытталған «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» республикалық байқауы Астанада өтті. Байқауда аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары өз әзірлемелерін ұсынды.
Павлодар облысының намысын конкурстың облыстық кезеңінің Бас жүлде иегері, Ақсу қаласындағы «Балапан» сәбилер бақшасының әдіскері Ляйля Асқарова қорғады.
Өңірлік білім беру басқармасының мәліметінше, ол өз жұмысын сәтті қорғап, шығармашылық көзқарасы, инновациялық идеялары және мол педагогикалық тәжірибесінің арқасында жүлдегерлер қатарына еніп, құрметті үшінші орынды иеленді.
Конкурстың облыстық кезеңінде де қазылар алқасы оның кәсіби шеберлігін, аналитикалық жұмысының тереңдігін және әдістемелік шешімдерді заманауи, практикаға бағытталған түрде ұсына білу қабілетін атап өткен болатын.