Павлодарлық оқушы Сочидегі олимпиададан күміс медаль жеңіп алды
Ресейде IJSO-2025 жасөспірімдерге арналған Халықаралық жаратылыстану ғылымдары олимпиадасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл – 15 жастан аспаған оқушыларға арналған жыл сайын өтетін жалғыз көппәнді олимпиада. Биыл физика, химия және биология бойынша өз білімдерін әлемнің 21 елінен келген 120-дан астам оқушы көрсетті.

Облыстан Қазақстан құрамасына енген жалғыз өкіл – №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Даниил Перепелица болды. Ол күміс медаль жеңіп алып, екінші дәрежелі диплом иегері атанды.
Оқушының айтуынша, олимпиада өте қызықты, бірақ біршама күрделі болды.
– Турлар бірнеше пәнаралық тапсырмадан тұрды, әрқайсысында көп тармақ болды. Жарыстың атмосферасы сайысқа дейінгі қорқынышты ұмытуға себеп болды. Мен мұнда жаңа достар тауып, өзім үшін көп нәрсе түйдім, – деді Даниил Перепелица.
Олимпиадаға Даниил өз ұстаздарымен бірге дайындалған: физикадан – Анатолий Билида, химиядан – Оксана Колдашева, биологиядан – Ирина Синицына.

Жас дарынның сынып жетекшісі Анжелика Титченконың айтуынша, Даниил профильдік физика-математика сыныбында бесінші сыныптан бері оқып келеді.
– Ол физика, химия және биология пәндері бойынша өзінің зерделігін көрсете алды. Ғылыми пәндерге шынайы қызығушылық танытады. Сонымен қатар, үлкен жүктемемен жұмыс істей алады және күрделі тақырыптарды жылдам меңгереді, – деді ұстазы.
Бұған қоса, оқушы зерттеушілік дағдыларымен ерекшеленеді: гипотезаларды дұрыс құрып, эксперименттерді жоспарлап, негізделген қорытындылар жасай алады.
– Даниилдің қызығушылықтары өте кең. Ол заманауи техникаға қызығады, инженерлік жобалармен айналысқанды жақсы көреді, бағдарламалаумен шұғылданады, – деп мәлімдеді мектеп әкімшілігі.
Айта кетейік, бұл олимпиадада Қазақстан құрамасы жүз пайыздық нәтиже көрсетіп, алты медаль жеңіп алды – үш күміс және үш қола.