Павлодар облысында 100 мыңнан астам оқушы Ұлы дала тұлғаларымен танысты
Жас ұрпақтың туған ел тарихына қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар облыстың барлық қала-аудандарында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының барлық білім беру ұйымдарында Қазақстанның көрнекті қайраткерлері мен Ертіс-Баян өңірінен шыққан танымал тұлғаларға арналған «Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары» атты бірыңғай облыстық тақырыптық күн өтті.
Ауқымды шараға өңірдегі мектеп жанындағы, бейіндік және қала сыртындағы лагерьлерде демалып жатқан 100 мыңнан астам оқушы қатысты. Тақырыптық күннің басты мақсаты – жас ұрпақтың туған өлкесі мен еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, ғылым, білім, әдебиет, өнер, спорт және қоғамдық қызмет салаларының дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен еңбегі арқылы Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау.

Бірыңғай тақырыптық күн аясында облыстың барлық қала-аудандарында тақырыптық кездесулер, көрмелер, әдеби кештер, зияткерлік ойындар, шығармашылық жобалар мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Оқушылардың ерекше қызығушылығын «Ұлылар ізімен» квест-ойыны тудырды. Қатысушылар белгілі тарихи тұлғалардың өмір жолы мен жетістіктеріне байланысты тапсырмаларды орындап, білімдерін сынады.
Сондай-ақ оқушылар «Ұлы тұлғаға хат» медиа-марафонына қатысып, көрнекті қайраткерлерге бейнеүндеулер жолдап, олардың мұрасы мен өнегелі өмірінен алар тағылым туралы ой бөлісті.
Әр қала мен аудан іс-шараларын белгілі бір тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арнады. Павлодар қаласында оқушылар биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан Олжас Сүлейменовтің шығармашылық және қоғамдық мұрасымен танысты. Екібастұз қаласында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған шаралар өтсе, Ақсу қаласында Сәбит Дөнентаевтың 132 жылдығы, Баянауыл ауданында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы, ал Тереңкөл ауданында Майра Шамсутдинованың шығармашылығы насихатталды.

Павлодар қаласындағы «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының тәрбиеленушісі Виктория Котова өз әсерімен бөлісіп, Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған іс-шарадан көптеген жаңа мәліметтер алғанын, әсіресе викториналар мен квест тапсырмалары ерекше ұнағанын айтты.
Ал Екібастұз қаласының «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Дана Құмарбекова іс-шара жас ұрпақтың туған тілге, әдебиетке, тарих пен салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ патриоттық сезімін нығайтуға ықпал еткенін атап өтті.
– Фестиваль ұлттық мәдениетті заманауи әрі тартымды форматта таныстырып, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және рухани дүниесін байытуға мүмкіндік берді. Ұлттық сананы қалыптастыруда, еліміздің мәдени мұрасына деген құрметті тәрбиелеуде және рухани құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуде де маңызды рөл атқарды деп сенемін. Осындай игі бастамалардың арқасында оқушылар білімді, мәдениетті әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасады, – дейді ол.
Сонымен қатар, күні бойы қатысушылар Жұбан Молдағалиев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Сапарғали Бегалин, Қошке Кемеңгеров, Темірбек Жүргенов және Дина Нұрпейісова сынды тұлғалардың өмір жолы мен еңбектері туралы мағлұмат алды.