Павлодарда жас мейрамханашылар дастарқанды сәндеуден бақ сынады
Ең кішкентай қатысушының жасы небәрі төртте, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар сервис және тамақтану колледжінде мектепке дейінгі балалар арасында «Babyskills Pavlodar-2026» өңірлік чемпионаты өтті. Жиын басында мекеме басшысы Гүлмира Шұғыбаева қатысушыларды құттықтап, балаларға сәттілік тіледі.
– Бүгін бізге болашақ аспаздар, кондитерлер, тіпті мейрамхана ісінің басшылары келді. Балалар дастарқан әзірлеудің қыр-сырын, өзге де жаңа дүниелерді меңгереді деп сенемін. Болашақта сіздерді біздің колледждің студенттері ретінде көргіміз келеді, – деді ол.

Чемпионат «Мейрамхана қызметі» құзыреттілігі бойынша өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар балаларға жұмысшы мамандық әлемін ойын арқылы таныстыруға мүмкіндік береді.
Тапсырмаларды «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының өңірлік бас сарапшысы Альмира Садриденова құрастырды. Оның сөзінше, байқау сынақтары балалардың жас ерекшелігіне сай, ойын форматында әзірленген. Қазылар алқасы қатысушылардың қарым-қатынас жасау қабілетін, ұсақ моторикасын және импровизациясын бағалайды.
– Бүгінгі қатысушылар – №16 бөбекжай-бақшасы тәрбиеленушілері. Барлығы төрт қыз бақ сынайды. Айта кету керек, бүгін тұңғыш рет төрт және бес жастағы балалар қатысады. Бұған дейін жарысқа сәл ересек балалар қатысатын. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады: өзін таныстыру, майлықтарды әртүрлі пішінде бүктеу және қонақтарға қызмет көрсету, мәзірді таныстыру, – деді бас сарапшы.

Балабақшаның музыка жетекшісі Меруерт Абдығали балаларды байқауға тәрбиешілер мен ата-аналар бірлесіп дайындағанын алға тартты.
– Сайысқа балаларды еңбекке баулу және аталмыш мамандықтарға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында келдік. Кейбір тапсырмалар, әсіресе тапсырыс қабылдау, бастапқыда бүлдіршіндерге қиын болды. Бірақ балалар үздіксіз дайындалып, чемпионатқа көтеріңкі көңіл күймен келді, – деді музыка жетекшісі.

Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан арнайы сертификаттар мен сыйлықтар әзірленді. Марапаттау рәсімі 10 сәуірде өтеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін шаһарда бүлдіршіндер арасында аспаздық бағыты бойынша жарыс өткен еді. Олар пицца мен сүтті сусын дайындады.