Ақсулық саятшы: тазыны сақтау — ата-баба дәстүрін жалғастыру

Ақсулық саятшы: тазыны сақтау — ата-баба дәстүрін жалғастыру

Қазақтың тазысы мен төбетін дәріптеуге арналған күн қарсаңында жас бүркітші Шамиль Жексенбаев @Pavlodarnews.kz тілшісіне ұлттық аңшылық дәстүрі, бүркіт пен тазының өзара үйлесімі және құмай тазыларды сақтау туралы айтып берді.

Шамиль Жексенбаевтың айтуынша, бүркіт пен тазы аңға бірге көп шыққан сайын бір-бірінің әрекетіне бейімделеді. Кейде тазы аңға қатты беріліп, бүркіттің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайда аңшының тәжірибесі маңызды.

- Қай кезде тазыны жіберу керек, қай кезде бүркітті салу керек екенін аңшы дұрыс білуі керек. Дұрыс тәрбиеленген тазы мен дұрыс бапталған бүркіт бір-біріне тез үйренеді, — дейді ол.

Жас бүркітші бүркіт баптауды әкесінен үйренген. Ал тазыға деген қызығушылығы отбасындағы аңшылық дәстүрден келген.

- Тазыны күштеп үйретуге болмайды. Оның бойында жүйріктік, алғырлық, аңға деген қызығушылық сияқты қасиеттер табиғатынан болуы керек. Біз сол қасиеттерін жоғалтпай, дұрыс бағыттауға тырысамыз, — дейді Шамиль.

Оның пікірінше, нағыз құмай тазы ең алдымен жүйрік, епті, төзімді және аңға жақсы түсетін болуы керек. Сыртқы сымбатынан гөрі оның даладағы қабілеті маңызды.

- Тазыны тек әдемілігіне қарап бағалауға болмайды. Оның қандай тазы екенін далада, аңға шыққанда көресің, — дейді бүркітші.

Шамиль Жексенбаев үшін тазы мен бүркіт ұстау — тек ұлттық мәдениеттің символы емес, әкесінен қалған жол әрі өмірінің бір бөлігі.

- Бұл — әкемнен қалған жол, отбасымыздың дәстүрі және өзімнің өмірімнің бір бөлігі. Қыранды қолға алып, далаға шығып, аңға салған кезде ерекше сезім бар, — дейді ол.

Жас бүркітші тазы тұқымының қан тазалығын сақтауды маңызды санайды. Алдағы уақытта жақсы тазыларды көбейтіп, тұқымды асылдандыруға үлес қосуды жоспарлап отыр.

- Тазыны сақтау — жай ғана бір ит тұқымын сақтау емес. Бұл — ата-бабамыздан қалған аңшылық дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу, — деп атап өтті Шамиль Жексенбаев.

Фото: Шамиль Жексенбаевтың жеке архиві және Константин Шелков