Павлодар ауданына барудың басты себептері
Павлодар ауданы – сапалы өнім, білім мен өнер тоғысқан өлке. Мұнда жаңа піскен нан өндіріліп, отандық аяқ киім тігіледі, ал үздік мектеп пен өнерлі ардагерлер аудан абыройын асқақтатып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ең дәмді, жаңа піскен нан.
Аудандағы наубайханада күн сайын шамамен 270 бөлке нан мен 40 таба нан пісіріледі. Хош иісті, сапалы өнім Кеңес ауылдық округінің жеті дүкеніне тұрақты түрде жеткізіліп, тұрғындардың сұранысына ие болып отыр.
Таза былғарыдан тігілген отандық аяқ киім.
Аяқ киім өндірісі бүгінде өз жемісін беріп, ауыл халқы арасында кеңінен танымал. Шағын цехта күнделікті аяқ киімнен бастап кроссовкалар, туфли, етіктер, бәтеңкелер және үйге арналған аяқ киімдерге дейінгі өнімнің алуан түрі шығарылады. Барлығы да сапалы, табиғи былғарыдан тігіледі.
Заря орта мектебі – білім мен тәрбиенің алтын ұясы.
Еліміздегі үздік 100 мектептің қатарына енген бұл білім ордасы сапалы білім мен саналы тәрбиенің үлгісіне айналған. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Павлодар ауданы ардагерлерінің «Арай» вокалдық тобы.
Құрамында 20 зейнеткер өнер көрсететін өнер ұжымы облыстық байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, «Алакөл фест» халықаралық байқауында бас жүлдені иеленді. Биыл аудан әкімінің қолдауымен ардагер өнерпаздарға сәнді сахналық киім тігілді.