Ақтоғайда этно лагерьде балалар бауырсақ пісіру мен жүн иіруді үйренді

Кішкентай тұрғындар үшін сегіз тақырыптық алаң жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz.
Жазғы демалыс маусымында балаларға ұлттық тәрбие мен шығармашылық ортаны үйлестіре ұсынатын «Ақтоғай этно лагері – 2025» өз жұмысын ресми түрде бастады. Ақтоғай балалар өнер мектебінің этно лагері аудан орталығынан сегіз шақырым жердегі Жоламан ауылында орналасқан. Алғашқы ауысымда 50 бала қамтылып, қызықты әрі тәрбиелік мәні зор күндер жоспарланды.
Лагерьдің ашылу салтанатына Ақтоғай балалар өнер мектебінің дарынды оқушылары ұлттық нақыштағы ән, би, домбыра және хор өнерлерін паш етіп, жазғы маусымның шымылдығын өнермен ашты.
Этно лагерьде балалар үшін сегіз бағыттағы танымдық алаң жұмыс істейді. Әр алаң – ұлттық тәрбиені, шығармашылықты, салауатты өмір салтын және экологиялық танымды баланың бойына сіңіруді мақсат етеді.
Мысалы, «Бауырсақ пати» алаңында балалар «Нұр Ана әлемі» бірлестігінің әжелерімен бірге бауырсақ илеуді, қуыруды үйренді. Олар ұлттық тағамның шығу тарихын тыңдап, отбасылық дәстүрлер мен әже тәрбиесінің жылуын сезінді. Ал «Аквагрим» алаңында балалар қиялын бояу арқылы бейнелеп, ханшайым, батыр, жануар бейнелерін жасады. Бұл тек көркемдік бағыт емес, баланың эмоциялық еркіндігін, эстетикалық танымын арттыратын ерекше бағытқа айналды.
Ұлттық мұраны ұрпақ санасына сіңіру үшін «Этно киіз үй» алаңы ашылды. Онда балалар киіз үй ішінде өткен қолөнер сағаттарында балалар жүн иіру, алаша тоқу, шекпен жасау сияқты дәстүрлі кәсіппен танысты. Әжелердің тағылымы арқылы еңбекке баулу мен сабырлылыққа үйрену жүзеге асты.
«Ұлттық ойындар» – даналық пен ептілік алаңында балалар асық ату, тоғызқұмалақ, бес асық сынды ойындарды үйренді. Бүлдіршіндер ойын барысында үлкендерден ақыл-кеңес тыңдап, жарысу мен сыйластықтың үлгісін бойға сіңірді.
«Спорттық сайыстар» – қозғалыс пен командалық рух алаңында балалар волейбол, үстел теннисі, арқан тарту сынды жарыстар балалардың физикалық белсенділігін арттырды.
Ал «Қағаздан қолөнер» алаңында балалар түрлі пішіндегі гүлдер, жануарлар мен бейнелер жасап, саусақпен жұмыс істеу арқылы ұсақ моторика мен ойлау қабілетін дамытты.
«Оқырмандар киіз үйі» алаңында киіз үй ішіндегі жайлы атмосферада балалар ертегі, аңыз, поэзия оқып, кітап арқылы тынығып, қиял әлеміне енуге мүмкіндік алды.
Ақтоғай этно лагеріндегі ең мәнді әрі тәрбиелік маңызы зор алаңдардың бірі – «Ағаш отырғызу». Бұл бағыт Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылды.
Балалар өз қолдарымен ағаш көшеттерін отырғызып, табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, болашақ ұрпаққа өнегелі із қалдырудың маңызын терең сезінді.
Әрбір ағаш ауыл ақсақалдарының батасымен отырғызылып, рухани мағынамен толықты.
«Таза Қазақстан» акциясы арқылы ел аумағында табиғатты сақтау, көгалдандыру, экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы ауқымды істер атқарылып келеді. Бұл бастамаға Ақтоғай этно лагері де өз үлесін қосып отыр.