Кәсіпке қадам: Павлодарлық оқушылар мамандықтар әлемін зерттеді

Білім беру жүйесі үшін бұл – жаңа тәжірибе, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Профильдік лагерьлер жобасы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып, 600-ден астам мектеп оқушысын қамтыды. Алғашқылардың қатарында «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің мамандары болды. Өйткені, осындай форматтағы лагерь жұмысы ұйымдастырылған.
Колледж жетекшісінің орынбасары Әлия Кирееваның айтуынша, екі апта ішінде Кемеңгер жалпы орта мектебінің жетінші сынып оқушылары лагерь бағдарламасы аясында демалыс пен кәсіби бағдарды үйлестірді. Бас-аяғы 36 ұл-қыз ауыл шаруашылығы мамандықтарымен тереңнен танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін колледж жанында профильді лагерь жұмыс істеген, алайда осы жылы басқа деңгейге көтерілді.
Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде бағдарлама кеңейіп, мазмұнды әрі тартымды болды. Колледж студенттері тәлімгер рөлін атқарып, сабақ өткізіп қана қоймай, мектеп оқушыларына аграрлық мамандықтар әлеміне қызықты саяхат ұйымдастырды.
– Біз балалардың мамандық атауларын естіп қана қоймай, өздерін кәсіби ортаның нағыз қатысушысы ретінде сезінгенін қаладық. Зоотехника, агрономия, механизация, бағдарламалау. Барлығы жеті бағыт қамтылды, әр мамандық тәлімгер-студенттердің атсалысуымен барынша таныстырылды. Балалар оқу үрдісі аясында зертханаларда болып, оқу жоспарының қызған ортасынан табылды, – дейді Әлия Киреева.
Оқушылар шын мәнінде білім беру үрдісіне қанық болып, кей құрал- жабдықтарды ұстап та көрді. Дегенмен, қауіпсіздік ережелері қатаң сақталды. Мәселен, олар мал дәрігерлерімен бірге үй жануарларына күтім жасау барысын бақылап, Шаңды ауылындағы оқу орталығына барды. Шағын фермадағы пониді де көрді.
– Колледж зертханаларында оқушыларды заманауи технологиялық әрекеттер күтті. Виртуалды шындық тренажерлары мен автосимуляторлардың көмегімен КамАЗ бен ірі ауыл шаруашылығы техникалары жүргізушісі рөлінде өздерін сынап көрді. Әсіресе, ұл балалар мотордың дүрілін аудиториядан шықпай-ақ сезінді. Көпшілігі көлікті алғаш рет «тізгіндеді», – дейді Әлия Киреева.
Агрономия тақырыбындағы сабақтар өсімдіктер әлеміне қызықты экспедицияға айналды. Кәдімгі теория орнына – егіс науқаны туралы қызу талқылау, өсімдік аурулары мен емдеу тәсілдері туралы сұхбаттар ұйымдастырылды. Бұл іс жүзіндегі тәжірибеге де ұласты. Оқушылар гүл отырғызып, колледж аумағын көгалдандыруға көмектесті.
Колледж мамандары оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әр күнді тиянақты жоспарлап, арнайы бағдарлама әзірледі. Студенттердің алып тауықтар мен саңырауқұлақ өсіру жобаларымен де таныстырды.
– Тәлімгерлер күрделі тақырыптарды қызықты ойын мен көрініске айналдырды. Өсімдік зиянкестері мен аурулары туралы құрғақ дәрістің орнына оқушылар «Өнімді құтқар» кейс-ойынына қатысты. Әр бала дәнді-дақылдардың қорғаушысына айналып, зиянды жәндіктермен күрес жолдарын іздеді. Бұл теорияны шынайы әрекетпен байланыстыратын логикалық ойын мен тергеу элементтері бар сабақ болды. Сонымен қатар, заманауи техниканың құрылысын түсіру үшін агрофильмді тамашалап, кейін пікірталасқа қатысты. Әсіресе, «Жарық пен судың өсімдік өсуіне әсері» эксперименті ерекше қызығушылық танытты, – дейді колледж өкілдері.
Ветеринарлық блок нағыз жаңалыққа айналды: балалар үй жануарларының түр-түсін анықтау, диагностика жасау негіздерін меңгерді. Студент-тәлімгерлердің пікірінше, бұл лагерь жұмысы оқушылардың мамандықтармен етене танысуына жол ашты.
Колледж өкілдері кәсіби бағдарлау жұмыстары студенттерді қабылдау науқаны алдында ғана емес, жыл басынан жүргізілетінін атап өтті. Оқытушылар талапкерлердің жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыру үшін қолжетімді құралдардың барлығын пайдалануға тырысады. Биыл «Есеп және аудит» пен «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» бағыттары бойынша жаңа бағыттарды ашу жоспарланып отыр. Барлығы бойынша 350-ден астам студент қабылданады.
Қазіргі таңда колледжде 900-ден астам студент білім алуда, олардың 215-і дуалды жүйе негізінде «Ветеринария» және «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтарын игеруде.
Айта кетейік, дәстүрлі кәсіби бағдардан бөлек биыл Павлодарда өңірдегі колледждердің қатысуымен «Мамандық fest» өтті.