Павлодарлық танымал әнші алғашқы жеке концертін береді
Концертте әйгілі композиторлардың репертуарынан әндер шырқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірімізге белгілі «Думан» тобының әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Серік Рысбек «Ұнап қалдың» атты алғашқы жеке концертін өткізеді. Оның ән қоржынында жүзге жуық қазақ еліне танымал ақын-композиторлар мен Ертіс-Баян өңірінен шыққан дарын иелерінің әндері бар.
– Ескендір Хасанғалиев пен Бәкір Тәжібаевтың «Асыл арман», Нұрғиса Тілендиев пен Қабдыкәрім Ыдырысовтың «Баянауыл вальсі», Алмагүл Жүгінісованың «Соңғы жапырақ», «Ұнап қалдың», Оңғар Қабден мен Бахтияр Шақпақбаевтың «Анашым», «Ғашықтар жыры», «Достар-ай достар», Қанат Әбдіғомардың «Бұлттар-бұлттар» және тағы басқа әндерін тыңдайтын болады, – деді облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияда.
Кештің қонақтары Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Нұр» би ансамблі, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Жібек Айтбаева, Айгүл Жұмағұлова және «Думан» тобы өнер көрсетеді.
Концерт 26 ақпан күні Естай атындағы мәдениет сарайында кешкі сағат 19:00 басталады.
Фото: ашық дереккөздерден