Павлодарлық театр Тереңкөлде қойылым қойды
Алдағы уақытта өзге аудандарда да өнер көрсету жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры Тереңкөл ауданына іс-сапармен барып, бүлдіршіндерге Евгений Пермяктың «Отпен ойнама» ертегісін және ересектерге Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» спектаклін ұсынды.
– Әріптестік қолдау білдірген Тереңкөл ауданының «Мәдениет үйі» ұжымына алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта басқа да аудандарда қойылым қою жоспарда бар. Мәселен, 12 наурыз күні Май ауданында өнер көрсетеміз,– дейді театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек.
Сонымен қатар, ауданның «Актерлік өнер» үйірмесінің жетекшілеріне театр режиссері Жангелді Садықов және актерлер Темірлан Мұқатай, Айару Тұрсынбек, Арман Серікқазыев, Жанара Назикенова шеберлік сыныптарын өткізді.