Баянауылда визит-орталықтың туристік маусымға дайындығы пысықталды

Баянауылда визит-орталықтың туристік маусымға дайындығы пысықталды
Фото: Амира Жартекей

Құрылыс жұмыстары маусым басталғанға дейін аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барып, туристік маусымға дайындық барысын тексерді. Өңір басшысы мердігер ұйымдарға нысандарды сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

– Жұмыстарды туристік маусым басталғанға дейін, 10 маусымға дейін аяқтау керек. Әлі бір айдан астам уақыт бар. Сондықтан үлгеруіміз қажет. Себебі, туристік маусым басталған соң іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр, – деді аймақ басшысы.

Құрылыс басшысы Еркін Файзуллаұлы айтуынша, кейбір құрылыс кезеңдері 30-45 күнге дейін созылуы мүмкін. Соған қарамастан, жұмыстарды уақытында аяқтау жоспарланып отыр.

Сапар барысында Шорман бидің мүсінін орнату мәселесі де талқыланды. Мердігерлердің сөзінше, ескерткіш ай соңына дейін жеткізіліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Кейін мүсінді табиғи тастың үстіне арнайы металл конструкция арқылы орнату жұмыстары жүргізіледі. 

Облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның сөзінше, алғашқы уақытта мекемеге оннан астам қызметкер алынады.

– Басқаруды өзімізге алған соң, Сәтбаев музейімен жұмысты бастаймыз. Оларды оқытып, жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі есептеулер бойынша ішінде жеті адам, күзетшілерді қосып есептегенде 12 қызметкер болады деп жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Аймақ басшысы қызметкерлермен жұмысты мамыр айынан бастап жүргізу керектігін алға тарты.

Айта кетейік, салынып жатқан визит орталық көпфункционалды болады. Онда кітапхананы дәрістер мен семинарларға арналған залға айналдыруға болады, ана мен бала үшін үй-жайлар, жайлы кофе дүкендері, өлкетану мұражайы және демалу үшін террасалар қарастырылған. Сондай-ақ орталық мүмкіндігі шектеулі туристердің қажеттіліктеріне толық бейімделген. 

Сапар орталығын цифрлық қолдаудың жеке бағыты болады. Мұнда Баянауыл ауданының интерактивтік картасы бар сенсорлық тач-панель, мультимедиялық стендтер мен 3D-проекциялар орнатылады. Келушілер табиғи ескерткіштермен, қасиетті орындармен, археологиялық нысандармен және өңірдің көрнекті тұлғаларымен интерактивті түрде таныса алады.