Павлодарлықтар Президент тұлпарына ұқсас сәйгүлікті тамашалай алады

Павлодарлықтар Президент тұлпарына ұқсас сәйгүлікті тамашалай алады
Фото: Досжан Мұратбек

Сирек кездесетін ақалтеке тұқымының изабелла түсті айғыры Павлодарға Алматыдан арнайы жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Тұлпар» ат клубына келген Рауан есімді ақалтеке айғыры Алматыдағы жылқы зауытында өсірілген. Оның өңірге келгеніне небәрі төрт күн болғандықтан, әзірге жаңа климатқа бейімделу кезеңінен өтіп жатыр.

Ат клубының басшысы Досжан Мұратбектің айтуынша, сәйгүлік Павлодарға жылқы таситын арнайы жүк көлігімен жеткізілген. Қазір оған ауыр жүктеме берілмейді. Таңертең және кешке бір сағаттан серуендетіліп, жергілікті ауа райына біртіндеп үйретіліп жатыр.

Рауанға ерекше күтім жасалады. Таңғы сағат алтыда су ішкеннен кейін бір сағаттан соң шөп, тағы бір сағат өткенде сұлы беріледі. Сағат он бір шамасында алма мен сәбіз жейді. Түсте жоңышқа ұсынылады. Кешкі азығы да осы тәртіппен қайталанады, – деді ол.

Жем алдын ала жібітіліп, кейін таза сумен шайылады. Алма, сәбіз және өзге де азықтар мұқият жуылады. Қораның тазалығы мен судың сапасына да ерекше мән беріледі. Күтімнің барлық тәртібін бұрынғы иелері – жылқы зауытының мамандары егжей-тегжейлі түсіндіріп кеткен.

Ақалтеке тұқымы әдетте мінезді әрі асау келеді. Рауан кішкентайынан адамдардың қолында өскендіктен өте жуас. Оған балалар да, ересектер де міне алады. Тек салмағы тым ауыр болмағаны жөн. Қазір оны фотосессиялар мен серуендеуге пайдаланып жүрміз. Той маусымында көрікті атпен суретке түскісі келетіндер көп. Сондықтан, осы сәйгүлікті арнайы алдырдық, – дейді клуб басшысы.

Досжан Мұратбектің сөзінше, Рауанды таңдауға тағы бір себеп болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақжан есімді тұлпары да дәл осы жылқы зауытында өсірілген. Екі айғырдың тұқымы, түсі және шыққан тегі ұқсас. Осы арқылы павлодарлықтарға Мемлекет басшысының тұлпарына ұқсас жылқыны жақыннан көруге мүмкіндік жасалмақ.

Айғырдың басты ерекшелігі – өңірде өте сирек кездесетін изабелла түсті ақалтеке болуы. Облыста мұндай түстегі бұл тұқымның өкілдері жоқтың қасы. Бұған қоса, оның сабырлы мінезі де көпшіліктің назарын аудартады, – деді клуб иесі.

Қазір ат клубында 20-ға жуық жылқы бар. Олардың басым бөлігі – жуас қазақы аттар. Сонымен қатар, мұнда англо-қостанай, қостанай тяж және ақалтеке тұқымдары өсіріледі. Англо-қостанай тұқымы ағылшын айғыры мен қостанай биесін будандастыру арқылы пайда болған.

Клуб басшысының айтуынша, қарапайым жылқыны күтіп-бағуға айына шамамен 100-150 мың теңге жұмсалады. Ал ақалтеке тұқымына кететін шығын екі-үш есе жоғары болуы мүмкін. 

Сәйгүліктің бағасы құпия сақталады. Рауан есімі оған Халықаралық ақалтеке федерациясы төлқұжатын рәсімдеген кезде берілген. Құжаттар Павлодарға ауыстырылғаннан кейін атауын өзгертуге мүмкіндік болды. Бірақ бұрынғы есімін сақтап қалуды жөн көрдім, – деді ол.

Алдағы уақытта клуб мамандары жануардың өңір климатына толық бейімделуін бақыламақ. Кейін ақалтеке биелерін де әкелуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – сирек тұқымды Павлодар өңірінде көбейтіп, дамыту. Бір жыл бұрын ашылған ат клубында Рауан әзірге ең ерекше әрі ең қымбат сәйгүлік саналады.