Баянауылда желден жағалауға жете алмаған жеті адам құтқарылды

Баянауылда желден жағалауға жете алмаған жеті адам құтқарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқиғадан кейін катамаран иесіне айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Баянауыл ауданындағы Сабындыкөл көлінде құтқарушылар желдің күшеюіне байланысты жағалаудан алыстап кеткен демалушыларды эвакуациялады.

Жағаға жеті адам, оның ішінде төрт бала жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмаған.

– Катамарандарды жалға беру қызметін көрсеткен кәсіпкер қолайсыз ауа райына қарамастан демалушылардың суға шығуына жол берген. Сонымен қатар жалға беру орнында кезекші құтқару жүзу құралы болмаған, – деп хабарлады ведомстводан.

Осы заң бұзушылықтар үшін кәсіпкер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жеті айлық есептік көрсеткіш (30 250 теңге) мөлшерінде айыппұл төледі.

Төтенше жағдайлар департаменті жалға беру пункттерінің иелерін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, ал қолайсыз ауа райында жүзу құралдарын суға шығармауға шақырды.