Павлодар облысында елік атқан адам ұсталды
Тәртіп сақшылары Екібастұз қаласына қарасты Ақши ауылының жанындағы дала алқабын патрульдеу кезінде еліктің тушасын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Captiva Chevrolet» маркалы автокөлікте екі сойылған жануар мен жанында үш адам болған.
– Автокөлікті тексеру кезінде «ИЖ-27е» маркалы, 16 калибрлі екі ұңғылы мылтық табылды. Қару иесі тексеру кезінде қаруға құқығы бар екенін растай алмады, өйткені оның құжаттары болмады. Сонымен қатар, еліктерді атуға рұқсаты мен лицензиясы болған жоқ. 35 жастағы ер адамның таныстарымен бірге далада уақыт өткізіп, аң аулауға шыққаны анықталды. Олар елікті атқаннан кейін сол жерде сойып алған, – деді департаментте.
Қазіргі уақытта Сібір елігінің өлекселері мен мылтықтар тәркіленді. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Полиция тексеру жүргізуде.
Айта кету керек, мұндай фактілерді болдырмау үшін облыс полицейлері табиғатты қорғау полициясы мен мүдделі мемлекеттік ведомстволар қызметкерлерінің қатысуымен үнемі рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Еске сала кетейік, «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 19 қарашасына дейін жалғасады.