Баянауылдық ана грант арқылы қоржын кәсібінен табыс көруде

Шебер құраққа әр түрлі оюлар ойып, тойбастарлар жасайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңылтай Қамалиева өткен жылдың шілде айында «Бизнес бастау» бағдарламасымен 1,4 миллион теңге қайтарымсыз қаражат алып, отбасылық кәсіп ашқан.
– Мемлекеттен берілген ақшаға былтырғы жылдың қыркүйек айында Қарағандыдан лазерлік аппарат сатып алдым, – дейді Жаңылтай Қамалиева.
Көпбалалы ананың айтуынша, аппарат темірден басқа әр түрлі материалдарды кеседі. Металдың, ағаштың, әйнектің бетіне механикалық түрде сурет ойып салып, жазу, ою-өрнек салады.
– Құраққа әр түрлі оюлар оямын, табақтың астына қоятын оюлар саламын, қоржын, тойбастарлар жасаймын. Торттарға арналған топперлер дайындаймын, – дейді ол.
Оның айтуынша, аппаратпен күніне 30-40 шақты ою оюға болады. Алайда тапсырыстың мөлшері тікелей той маусымына байланысты.
Кәсіпкер алдағы уақытта ағаштан шежіре, мозаика, пазлдар, баланың ойлау қабілетін дамытуға арналған логикалық ойыншықтар жасауды жоспарлап жүр.