Павлодарда жарты жыл ішінде не өзгерді

Қалада инфрақұрылым жаңартылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz ілшісі.
Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша, Павлодарды көркейту және инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
– Қазіргі таңда алдағы жылу беру маусымына дайындық шеңберінде жылу желілерін жаңарту мен қайта құру негізгі міндеттердің бірі саналады. Осы мақсатта ЖМ-20 жаңа жылу магистралінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба жылу көзінің өткізу қабілетін арттырып, оңтүстік бөліктегі апаттарды азайтады. Сонымен қатар ЖСС-5 сорғы станциясының құрылысы басталды. Бұл нысан орталық пен жағалау аймағындағы жылу-гидравликалық жағдайды жақсартады, – деді әкімі.
Гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 223 зақымдану қысқа мерзімде жойылған. Соның арқасында биыл көпқабатты үйлерге 10 мамырға дейін 20 күн ішінде ыстық су берілді – бұл соңғы жылдардағы үздік көрсеткіш.
Қалада ауызсу жүйесі де жаңғыртылуда. Биыл диаметрі 1200 мм болатын жаңа құбыр тартылып, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар Горторг, Зеленстрой, Екінші Павлодар және Элеватор шағынаудандарында кәріз жүйесі жаңартылуда. Қамзин, Толстой, Катаев және Чайковский көшелерінде дренаж жүйесі салынып жатыр. Бұл көпқабатты үйлердің су басу мәселесін шешеді.
Электр желілерінде де апаттық жағдайды төмендету көзделген. Биыл 85 қосалқы стансада күрделі жөндеу жүргізілуде, 17 шақырым әуе желісі жаңартылуда.
Сонымен қатар биыл 15 көшеде ұзындығы 40 шақырым болатын жолдарға жаңа асфальт төселмек. 70 мың шаршы метр шұңқырлы жерлер қалпына келтірілуде. Сонымен қатар автодромда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
– Аулаларды абаттандыру жұмыстары аясында 100 аула мен өту жолдарына асфальт төселуде. Әлеуметтік нысандар маңында да жұмыстар жүріп жатыр: бес мектеп, сегіз балабақша және бес медициналық мекеме аумағы жөнделді. Қалада 60 жаңа балалар алаңы орнатылып, аулалардың 95 пайызы қамтылды. Келер жылы бұл көрсеткіш жүз пайызға жетеді. Сонымен қатар 30 спорт алаңы мен 14 мини-футбол алаңы салынды. Қала ішінде 18 шағын сквер салынып жатыр – бұл тек орталықта ғана емес, шеткі шағынаудандарда да жүргізілуде, – деді Хасар Хабылбеков.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қала көшелеріне 11 жаңа бағдаршам орнатылды. Сонымен қатар тұрғындардың жайлылығы мен қала келбетін жақсартуға баса мән берілуде. Қалалық құтқару стансасынан Қайырбаев көшесіне дейінгі жағалау аймағы абаттандырылып жатыр. Лермонтов көшесінде су бұрқақтар, спорттық нысандар мен шағын сәулеттік формалар орнатылатын жаңа демалыс аймағы жасалуда.
Биыл шамамен 10 мың түп ағаш отырғызылды, күзде тағы 12 мың көшет егу жоспарланған. Авариялық ағаштар да кезең-кезеңімен ауыстырылуда. Қала бойынша 374 алаңда 800 еуроконтейнер орнатылып, тағы 1200-і қойылмақ.
Соңғы үш жылда қалалық автобус паркі 181 жаңа техникамен толыққан. Биыл тағы 20 автобус сатып алынып, жыл соңына дейін қосымша 27 автобус келеді.
Әлеуметтік қолдау бағытында биыл 60 әлеуметтік осал отбасы көптен күткен баспана кілтін алды. Тағы 183 отбасы Достық шағынауданында жаңа пәтерге қоныстанды.
– Жыл соңына дейін 141 отбасыға тағы баспана беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Достық шағынауданында және №47 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепке 300 орындық қосымша құрылыс салынып жатыр, – деді қала басшысы.
Бұдан бөлек, жаз бойы Павлодардың басты сахнасында қазақстандық және әлемдік эстрада жұлдыздарының концерттері өтіп жатыр. Бұл жобалар қаланың мәдени имиджін көтеріп, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беруде.